АЗАМАТТАР ДЕНСАУЛЫҒЫ – МЕМЛЕКЕТ БАЙЛЫҒЫ
Президент Қ-Ж. Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы елімізде орын алып отырған күрделі жағдай кезеңінде жарияланды. Елімізде, тіпті, бүкіл әлемде күрделі жағдайдың орын алуына себеп болған мәселенің бірі - пандемия. Пандемия қоғамымызда қалыптасқан кемшіліктердің бетін ашты, жұртшылықтың адами құндылықтарға деген көқарастарын өзгертті. Ықылым заманнан, халықтың мол тәжірибесінен қалыптасқан кейбір көне тұжырымдардың қайта жаңғыруына сеп болды. Халқымыздың дүниетанымында «Бірінші байлық - денсаулық», «Денсаулық – басты байлық» деген ұғымдар бар. «Денсаулықтың қадірін дертке шалдыққанда білерсің» деген тәмсіл сөз де бар. Соңғысы, әдетте, дәрігердің жанашырлық лебізі немесе науқастанған жандардың торыққаннан айтқан сөздері еді. Жер-жаһанды жаулап алған пандемия кезінде аталмыш лебіз жұрт сөзінің алдыңғы легіне шықты.
Президент Жолдауда азаматтар денсаулығы мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Пандемия дағдарысы біздің қоғамымыздағы денсаулық саласында күрделеніп қалған мәселелердің көп екендігін көрсетті. Мемлекет басшысы денсаулық саласында мынадай мәселелердің қатты сезілетінін атап өтті: біріншіден, денсаулық саласы мемлекет назарынан тыс қалып, осы салада қызмет атқаратын мамандарының материалдық жағдайының төмендігі, жалақысының аздығы, екіншіден, инфрақұрылымдық тіректердің жеткіліксіздігі, үшіншіден, нарықты отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесінің әлсіздігі, төртіншіден, эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты мамандардың тапшылығы, бесіншіден, орталықтардан алыс шалғай мекендерде дәрігерлік қызметтің жетімсіздігі.
Аталған мәселелерді шешу үшін Жолдауда Президент Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Мұның қатарында дәрігерлердің материалдық жағдайын нығайту мақсатында келесі жылдың екінші жартысында, яғни 2021 жылдың шілдесінен бастап қосымша төлемдер жасау үшін 150 миллиард қаражат қарастыру тапсырмасы бар. Осылайша 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы еліміздегі орташа жалақының көлемінен екі есе артуы тиіс деген меже белгіленді. Дамыған елдерде жоғары жалақы алатын мамандардың бірі – дәрігерлер. Халқымызда дәрігерлерді «ақ халатты абзал жандар» деп қадірлеу бар. Қадірлі мамандықтың жалақысы да жоғары болуы тиіс екені қисынды.
Президенттің назар аударған мәселесінің бірі – денсаулық саласын отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Қазақстан нарықтық экономикаға көшіп, еркін сауда-саттық жасау қағидатын ұстанған кезден бастап отандық дәрі-дәрмекті дамыту ісі дәрменсіз күй кешті. Тез әрі жылдам пайда табу мақсатында компаниялар отандық дәрі-дәрмек өндірісін дамытудың орнына шетелдік өнімдірді тасумен айналысты. Олардың бастапқы капитал жинауда жолында мұндай тәсілді пайдаланғаны дұрыс болар, бірақ одан жинаған қаражатын отандық фармацевтиканы дамытуға жұмсауға да тиісті еді. Бірақ бұл бағыт жолға қойылмады. Оның салдары бүгінгі таңда белгілі: дәрі-дәрмек өндіретін өндірістер бәсекеге қабілетсіз, ал халықтың сұранымы шетелдік өнімдерді тасу арқылы өтеледі. Бұған қоса фармацевтика саласының қаражат көлемі және айналымы өте жоғары екенін ескерсек, СК «Фармация» сынды монопалист компаниялардағы дау-дамайлардың түп-төркіні неден болып жатқанын қоғам аңғарып отыр. Пандемия кезінде пайда қуған компания дәрі-дәрмектің бағасының күрт шарықтауына соқтырғанын, соның салдарынан халық дәрі-дәрмектен мұқтаждық көргені қоғамның көз алдынан өтті. Дәрі-дәрмектің бюрократтық тордың өрмегі нәтижесінен туындаған тапшылығы – денсаулық саласында күрделі мәселелердің қалыптасқанының бір ұшын анық ашты.
Денсаулық саласын эпидемиялық індетпен күресетін мамандардың тапшылығы мен инфрақұрылымның жеткілікіздігі өткір тұрғаны Жолдау мазмұнында айтылып өтті. Мемлекет басшысы Үкіметке медицина мекемелерін кадрлармен қамтамасыз етуге арналған ұзақ мерзімді (он жыл) жоспар-болжам әзірлеуді тапсырып, онда эпидемиолог, инфекционист, реаниматолог, пульмонолог, кардиолог сияқты сирек мамандық иеленетін дәрігерлерді даярлау мәселесін жолға қоюды жүктеді.
Инфрақұрылымдық мәселелерді шешу жолында жыл соңына дейін өңірлерде 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы ашылатыны айтылды. Демек, көп ұзамай әрбір облыс территориясында жұқпалы ауруларды емдейтін жаңа ауруханалар емделушілерге есік ашады деген сөз. Сонымен қатар көпсалалы ауруханалар салу жұмыстары жалғасын тауып, 2025 жылға қарай 20 заманауи нысан қолданысқа беріл жоспарланады.
Президент денсаулық саласымен өте тығыз байланысты бұқаралық спорт түрлерін дамытуды тапсырды. Бұл орайда ол жекелеген спорт түрлеріне мол қаражаттар құйылып отырғанын, керісінші бұқаралық спортқа қаржы салу мемлекет тарапынан кенжелеп тұрғанын атап өтті. Бұқаралық спорт – азаматтар денсаулығы мен салауаттылығының кепілі. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, халық денсаулығын жақсарту үшін көпшілік қол жеткізетін спорт түрлеріне көңіл бөлінуі тиіс. Бұл да пандемия індеті кезеңінде анық сезілді.
Түйіндей келгенде, Жолдау денсаулық саласындағы күрделенген мәселерді атап өтіп, оны шешу жолдарын айқындады. Ендігі мақсат Жолдауға қолдау көрсетіп, денсаулық саласын жақсы деңгейге көтеруге атсалысу деп ойлаймыз.